Нұра ауданының білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Нұра кентінің Мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлт болашағы» атты салтанатты жиын ерекше сән-салтанатпен өтті.
Салтанатты шарада аудан әкімі Бақытжан Мұқанов бастаған өңір басшылары, ардагер ұстаздар мен білім саласының майталмандары бас қосты. Мерекелік жиында ұстаз еңбегін ұлықтайтын бейнероликтер көрсетіліп, 60 оқушының қолынан ұстаздарға ұсынылған гүл шоқтары ерекше тебіреніс сыйлады.
Бұл айтулы кеште Мағжан Жұмабаев атындағы ЖББ мектеп-гимназиясының ұжымы мен ұстаздары еселі еңбектерінің жемісін көрді.
Аудан әкімінің «Алғыс хатымен» өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі тынымсыз еңбегі және білім саласына қосқан айрықша үлесі үшін Елтай Жанарыс Саятұлы марапатталды.
«Дарынға жол ашқан» номинациясымен Усабаева Бөпежан Нұрлановна, ал «Цифрлық әлемнің үздігі» арнайы номинациясымен Азаматұлы Жасұлан марапатталды.
Шара соңы Қарағанды қаласынан келген өнерпаздардың әсем ән-жыры мен мерекелік концертіне ұласты.
Мәртебелі марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз! Шәкірттеріңіздің биіктен көрінуіне себепкер болып, еңбектеріңіздің жемісін көрулеріңіз – мектебіміз бен ауданымыздың ортақ мақтанышы!


