ҰІӘ мақсаты – балаларға әртүрлі мамандық иелері туралы түсінік беру, барлық мамандықтың маңыздылығын ұғындыру, еңбекқорлыққа тәрбиелеу және ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту.
ҰІӘ шаттық шеңберімен басталды. Балалар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, сабаққа жағымды көңіл күймен кірісті. Мотивациялық кезеңде балалар үш топқа бөлініп, әр топқа қызықты әдістер арқылы тапсырмалар берілді. «Су астына саяхат», «Сиқырлы қарақұмық», «Жұмыртқа жару» әдістері арқылы жасырылған мамандық суреттерін тауып, олардың атауын айтып, бір сөзбен «мамандықтар» деп қорытындылады.
Тақырыппен таныстыру кезеңінде бейнеролик көрсетіліп, балалар экранға мұқият назар аударды. «Өскенде кім болғыларың келеді?» деген сұраққа балалар өз ойларын еркін айтып, белсенділік танытты.
«Кімге не қажет?» интерактивті ойынында балалар мамандық иелеріне қажетті құралдарды дұрыс сәйкестендіріп, логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. «Кім жылдам?» жұптық ойынында текшелер арқылы мамандықтарды құрастырып, зейіндерін шоғырландыра білді.
Сергіту сәтінде бейнекөрсетілімге қарап қимыл-қозғалыс жасап, бойларын сергітті. Сабақ соңында «Шығармашылық сәт» ұйымдастырылып, балалар мамандық иелерінің суреттерін түрлі-түсті қарындаштармен бояды. Қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, тапсырманы тиянақты орындады.
ҰІӘ барысында балалар белсенділік танытып, сұрақтарға толық жауап берді. ҰІӘ өз мақсатына жетті, балалар мамандықтардың барлығы қоғам үшін маңызды екенін түсінді.


